Алаяқтар өздерін мемлекеттік немесе квазимемлекеттік ұйым қызметкері ретінде таныстырады. Мақсаты – Сіздің жеке деректеріңізді біліп, «хакерлік шабуылдан қорғау» деген сылтаумен ақшаңызды иемдену.
Қалай жұмыс істейді: кезең-кезең бойынша
1-кезең: «Мемлекеттік қызметкер» қоңырау шалады
Сізге су арнасы, емхана секілді мекеменің қызметкері сияқты хабарласады. Санағыш құралды ауыстыру, медициналық тексерістен өту үшін «электрондық кезекке қоямыз» деген желеумен 1414-тен келген SMS-кодты айтуыңызды сұрайды.
❗ Қоңырау шалған адам өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырса да, SMS арқылы келген кодты ешкімге айтпаңыз.
2-кезең: «Шұғыл жағдай! Жеке кабинетіңіз бұзылды!»
Кейін Сізге «ХҚКО техникалық маманы» немесе «egov.kz өкілі» хабарласады. Ол Сіздің деректеріңізді біреу бұзғанын, олар несие ресімдеп, депозиттен ақша шешіп алмақ болып жатқанын айтады. Көмектесетінін айтып, ақпаратты Ұлттық банкке жолдайтынын мәлімдейді.
3-кезең: «Ұлттық банк» немесе «ҰҚК»-ден қоңырау
Сізге бейнеқоңырау арқылы хабарласады. Арам ойлы адам — қатаң киінген, артында мемлекеттік ту, елтаңба және басқа да ресми белгілер бар. Бәрі шынайы, ресми сияқты көрінеді.
Ол Сіздің атыңызға несиелер ресімделгенін растап, «шешім» ұсынады – депозитті «сақтандыру» және оны «алаяқтардан қорғау үшін» басқа картаға аудару (шындығында – ол алаяқтардың шоты). Әңгіме туралы ешкімге айтпауға көндіреді, өйткені «банк қызметкерлерінің өзі алаяқтармен байланысы болуы мүмкін» дейді.
Тіпті, ең жақын банкке жету үшін такси шақыртып беруі де мүмкін – бұл уақытта бейнеқоңырау арқылы бәрін бақылап отырады.
Бұның бәрі — алдау. Ешбір мемлекеттік орган ақшаңызды «қауіпсіз шотқа» аударуды өтінбейді және операцияны құпия ұстауды талап етпейді.
Не істеу керек:
✔ SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпаңыз
✔ Бейтаныс адамның өтініші бойынша ақша аудармаңыз – тіпті, олар Сізді «құтқарып жатырмыз» десе де
✔ Мемлекеттік органдардың ресми сайттарындағы нөмірлерге өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз
✔ Тоқтап, тексеріңіз: асығыстық – алаяқтардың басты құралы