Артқа

Beeline Starlink Mobile-мен тікелей байланысты іске қосты - Қазақстанда алғаш рет смартфондар спутникке тікелей қосылады.Жаңа технология қазақстандықтарға қолжетімді және 2 ай бойы тегін ұсынылады.

27.09.2026

28.09.2026, Астана, - Енді жерүсті мобильді байланыс желісі жоқ жерлерде де байланыста қалуға болады. Beeline Қазақстан Starlink Mobile-мен бірлесіп өз клиенттері үшін спутниктік мобильді байланысты іске қосты. Ол арнайы спутниктік телефонды, антенна немесе басқа қосымша жабдықты қажет етпей Direct to Cell технологиясы арқылы үйлесімді смартфонға Starlink спутнигіне тікелей қосылуға мүмкіндік береді. Жоба ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

 

Спутниктік байланыс арқылы пайдаланушыларға SMS-хабарламалар, сондай-ақ интернеттің базалық сервистері қолжетімді болады. Технология жерүсті мобильді байланыс желісі жоқ, бірақ спутникпен байланыс орнатуға мүмкіндік бар жерлерде - таулы аймақтарда, шалғай елді мекендерде және қала сыртындағы тасжолдарда жұмыс істейді. Beeline абоненттеріне қызмет промо-кезеңде 2 ай бойы тегін ұсынылады.

 

Жоба Қазақстан мен АҚШ арасында 2025 жылы қол жеткізілген келісімдер бойынша жүзеге асырылды. 2025 жылдың қарашасында Beeline Қазақстан мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Direct to Cell технологиясын енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, желтоқсан айында алғашқы практикалық сынақтарын өткізді. Осы бағытты дамыту аясында Beeline Қазақстан құрамына кіретін VEON жаһандық операторы Starlink-пен ынтымақтастық туралы жаһандық негіздемелік келісімге де қол қойды.

 

«Бүгінде біз осы келісімнің нақты іске айналып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан Direct to Cell технологиясы практикалық сынақтан өткен және енді пайдаланушыларға арналған сервис деңгейіне шығып отырған Орталық Азиядағы алғашқы ел болды. Біз үшін озық технологиялардың халықаралық келісімдер аясында қалып қоймай, Қазақстанда нақты қолданысқа енгізіліп, халыққа пайдасын тигізе бастағаны аса маңызды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев.

 

«Beeline Қазақстанда жиырма жылдан астам уақыт қызмет көрсетіп келеді және осы уақыт бойы біз байланыс пен жаңа технологияларды дамытуға жүйелі түрде инвестиция салып келеміз. Қазақстан - аумағы бойынша әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірі, сондықтан арақашықтық адамдардың заманауи технологияларға қол жеткізуіне кедергі болмауы тиіс. Цифрлық инфрақұрылымды дамыту — елдің бәсекеге қабілеттілігі мен халықтың өмір сүру сапасына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», — деп атап өтті қазақстандық кәсіпкер және «Верный Капитал» тобының инвесторы Болат Өтемұратов.

 

БАҚ өкілдеріне арналған таныстырылым барысында спутниктік мобильді байланыс арқылы жасалған алғашқы қоңырауды ҚР Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева қабылдады. Ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевпен сөйлесті.

 

«Direct to Cell - байланыстың адамдардың өмірін жай ғана ыңғайлы етіп қоймай, оны түбегейлі өзгерте алатынының жарқын мысалы. Шалғай жолда қиын жағдайға тап болған немесе тауда адасып кеткен адам үшін бұл технология сыртқы әлеммен байланысып, қажетті көмек алудың маңызды мүмкіндігі.. VEON Қазақстанда және өзі жұмыс істейтін басқа нарықтарда адамдардың өміріне осындай нақты пайда әкелу үшін қызмет етеді», - деді VEON Group бас директоры Каан Терзиоглу.

 

Бұл технологияның стратегиялық маңызы зор, ол жерүсті инфрақұрылымы зақымданған немесе мүлдем жоқ, жетуі қиын немесе табиғи апаттардан зардап шеккен аймақтарда байланысты сақтауға көмектеседі. Атап айтқанда, ол құтқару қызметтері мен ТЖМ, жол және коммуналдық қызметтер, туристер, альпинистер және жетуі қиын аймақтардағы нысандарда жұмыс істейтін адамдар үшін пайдалы. Мысалы, көлік жолдың шалғай бөлігінде бұзылып қалса немесе турист тауда адасып кетсе, олар жақындарына SMS-хабарлама жіберіп, құтқару қызметіне хабарласып, болған жағдай туралы мәлімдей алады.

 

«Спутниктік мобильді байланысты іске қосу – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Beeline Қазақстан командасының және Starlink мамандарының ауқымды бірлескен жұмысының нәтижесі. Beeline бұл технологияны Қазақстанда алғаш болып іске қосып отыр және ол әдеттегі мобильді желі қамту аймағынан тыс жерлерде де байланыстың мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Ұзақ әрі табанды еңбектің нәтижесі енді қарапайым қазақстандықтарға қолжетімді. Біз бұрын байланыс болмаған жерлерде де байланыста қалуға мүмкіндік беретін қарапайым әрі түбегейлі жаңа байланыс деңгейін ұсынамыз», - деп жаңа технологияның іске қосылуына қатысты пікір білдірді Beeline Қазақстан бас атқарушы директоры (CEO) Джаббор Каюмов.

 

Қазіргі уақытта спутникпен тікелей байланыс Android операциялық жүйесіндегі құрылғыларда қолжетімді. Болашақта қызмет басқа операциялық жүйелердегі құрылғыларда да қолжетімді болады, бұл Қазақстан бойынша одан да көп пайдаланушыға спутниктік мобильді байланысты пайдалануға мүмкіндік береді.

 

Starlink спутниктік желісіне жерүсті мобильді байланыс желісі жоқ жерлерде қосылу мүмкіндігі бар. Қажет болған жағдайда желіні қолмен таңдауға болады – Beeline Starlink (кейбір жағдайларда ол 401 04 ретінде көрсетілуі мүмкін).

 

Қосылу үшін:
•  Janymda қолданбасын соңғы нұсқаға дейін жаңарту;
•  қолданбаға кіру;
•  Starlink қызметін іске қосу;
•  телефонда деректер роумингі қосылғанын тексеру қажет.

 

Қосылу туралы толық ақпарат Beeline сайтында қолжетімді.