Басты бет / Жаңалықтар

Beeline Көлсайға байланыс орнатты

Биыл наурызда Көлсайда байланыс іске қосылды. Енді Солтүстік Тянь-Шань тауларының көрікті жеріне демалуға келген туристер достарымен және жақындарымен байланыса алады, тіпті WhatsApp мессенджерін қолдануына мүмкіндік бар.

Beeline Қазақстанның Алматы қаласы және Алматы облысындағы Техникалық қызметінің жетекшісі Руслан Аюпов туристік көрікті жерлерге байланыс пен интернет тарту оңай жұмыс емес екенін айтып өтті.

— Көп жағдайда екі нұсқаның бірі: оптоталшықты шоғырсым немесе радиореле жүйесі қолданылады. Көлсайға шоғырсым тарту қымбат әрі қиын. Екінші нұсқаны қолдануға жер бедері кедергі: мұнаралар бір-бірінен көз көрім жерде тұруы керек, ал бізде, тау, сай, ылди жерлер бар. Бірақ бұл жерде байланыстың қаншалықты маңызды екенін біз түсінеміз. 2020 жылы жазда көлге демалыс күндері 2 000 машинаға дейін келетін. Сондықтан жерсерік байланысы бар мұнара қоюды ұйғардық, - дейді Руслан.

Қиындықтарға қарамастан, мамандар осы жетістікпен тоқтап қалмақ емес. Байланысты жақсарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Мысалы, былтыр желтоқсанда 4G байланысы Үлкен Алматы көлінде – туристер жақсы көретін тағы бір көрікті жерде іске қосылды. Ол жердегі күрделі мәселе электр қуатын тартуда болды: жері құз, электр қуатына қосылатын жер алыс, бірақ техникалық қызмет бұл міндетті де атқарып шықты.

Көктемгі жоспарымыз – Шарын шатқалында және Алакөлде байланысты күшейту. Көл жағасында 3 және 4G бар, бірақ демалыс маусымы қызып, демалушылар көбейген кезде желінің қуаты жетпей жатады.